The History of the WAKБасты ақпарат

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың  Дүниежүзі қазақтарының үшінші Құрылтайында сөйлеген сөзінен

Астана қ.,  2005 жыл 29 қыркүйек

[…] Қазақстан Республикасы шетелдегі қандастарымызды отанға оралтудың кешенді бағдарламасын жасап, жүзеге асырып келеді. Тәуелсіздік жылдарында, яғни 1991 жылдан биылғы шілдеге дейін елімізге барлығы 110 мың 591 оралмандар отбасы қоныс аударды. Сөйтіп, еліміздегі қазақтардың саны алты жүз мыңға жуық адамға көбейді. Соңғы кезде көші-қон квотасының жыл сайынғы мөлшерін 15 мың отбасына жеткізіп, оған қажетті қаржыны мемлекеттік бюджеттен толық бөліп отырмыз. Осы қаржының тиімді пайдалануын қадағалау қажет. Бұл туралы менің Жарлығымда бірінші кезекте қолдау атажұртқа қоныс аударуға жаңдайлары келмейтін отбасыларға көрсетілуі керек делінген.

[…] Біз қолдан келгенше Қазақстанға өз күшімен қоныс аударатындардың қатарын қалыңдатуға күш салуымыз керек. Мұның бір жолы – еліміздің азаматтығын алуды жеңілдету. Өз бетімен, өз қаржысына келген азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан қажетті жеңілдіктер жасау, қолдау көрсету мәселелерін тиісті орындар шешуі қажет. Бүкіл халық болып көшіп келіп жатқан ағайындарға көмектесу әрбір қазақтың парызына айналуы тиіс.  Оңтүстік Қазақстан облыс әкімінің шешімімен квотадан тыс келген оралмандарға жергілікті бюджет қаражатының есебінен жер учаскелері бөлінетінін немесе құрылысқа көмек көрсетілетінін білеміз. Бұл бастаманы әр жерлерде қолдаған жөн. Жалпы, әкімдер жұмысының бір өлшемі – өзі басқаратын өңірдегі адамдар санының өсуі, соның ішінде оралмандар есебінен де өсуі болуға тиіс. Израиль, Германия сияқты өз қандастарын тарихи отанына шақырып жатқан мемлекеттердің бұл орайдағы тәжірбиесіне зейін қою жөн.

Қандастарымызға қаратып айтар жайдың тағы бірі манау. Тарихи отанына оралған ағайын, ең алдымен, «Қазақстаным маған не береді» деп емес,  «Мен Қазақстанға не беремін?» деп ойланғаны да дұрыс болар еді. Түркістанда өткен Құрылтайда шетелдегі іскер азаматтарымыздың Қазақстанға келіп, ортақ шаруаға араласып жатқандары аздау екенін айтқан болатынмын. Шүкіршілік, қазір бұл істе де ілгерілеушілік бар екен. Сондықтан барлық облыстардағы әкімдер оралман-кәсіпкерлерге барынша жағдай туғызып, көмек қолын созуға тиіс.

Тәуелсіз Мемелекеттер Достастығы елдердің ішінде қандастарын тарихи отанына оралтумен айналысып, қомақты мемлекет қаржысын жұмсап отырған ел – Қазақстан, ал дүние жүзінде – үш елдің біреуі. Отандастарын ұшақпен тасып жеткізуге мүмкіндік тауып жүрген әлемдегі жалғыз ел де Қазақстан болар, тегі. Мұның бәрінің қадір-қасиетін білген жөн. Қазақстан бұл қадамды, ең алдымен, алыстағы ағайынға қамқорлық ретінде жасайтынын ұмытпаған жөн. Тарихи отанына оралуын қазақ елінің қамқорлығындай көрмейтін, қайта осында келін Қазақстанға жасаған жақсылығындай міндет ететін, тұла бойы тек талаптан тұратын, елім дегенде ет бауырын елжіретудің орнына өкпесін ала жүгіріп, қит етсе өкшесін көрсетуге дайын ағайындардың аз болса да арамызда бар екендігін де айта кеткен жөн. Сондай-ақ еліміздің тұрмысқа қолайлы саналатын оңтүстік өңірлерін айналшықтай берушілік, қалайда өз ағайындары тұратын ауылдан үй-жай берілмесе оралманның азаматтық құқы тапталып жатқандай санаушылық та бой көрсетіп қалып жүр. Мұндай ағайынға айтарым: Қазақстанға жетіп, орналасып, қатарға ілігіп алған соң, әркім-ақ елімен бірге өз күнін көріп кетуі керек.

Қандастардың тарихи отанына оралтумен жүйелі айналысып, қомақты мемлекет қаржысын жұмсап отырған жалғыз ел – Қазақстан, ал дүниежүзінде – үш елдің біреуі. Отандастарын ұшақпен тасып жеткізуге мүмкіндік тауып жүрген әлемдегі жалғыз ел де Қазақстан болар, тегі. Мұның бәрінің қадір-қасиетін ағайындарымыз білген жөн. Қазақстан бұл қадамды, ең алдымен, алыстағы ағайынға қамқорлық ретінде жасайтынын ұмытпаған жөн… Қазақстанға жетіп, орналасып, қатарға ілігіп алған соң, әркім-ақ елімен бірге өз күнін өзі көріп кетуі керек. Мемлекеттің міндеті – адамдардың еңбек етіп, өмір сүруінің тиісті заңдық тетіктерін жасау, конституциялық құқықтарына кепілдік беру.

Тағы бір ерекше назар аударатын мәселе: әлемдегі әрбір үшінші қазақ шетелдерде тұрады. Сондықтан олардың бәрін бір мезгілде туған Отанын көшіруге мүмкіндік жоқ екенін ашық айтуға тиіспін. Мен бір миллионнан астам қазақ тұратын Қытай Халық Респулбликасы, Ресей мен Өзбекстан басшыларымен мәңгілік достық туралы халықаралық келісімге қол қойдым және әрбір сапарымда осы елдердің басшыларына сіздердің мәселелеріңізді үнемі тапсырп, оның орындалуын міндетті түрде қадағалап отырамын. Сондықтан да Ресей, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия басшыларының қазақ бауырларымызға көрсетіп отырған қамқорлықтары үшін  ризашылығымды білдіремін. Және бұл екі ел арасындағы достастықтың  белгісі деп білеміз. Бұл елдерде тұратын қазақтардың құқығы ешқашан бұзылған емес және тәуелсіз Қазақстан тұрғанда бұзылмайды да. Сондықтан шет елдерде жайлы қоныс, сыйлы кәсіп пен қадір-құрмет көріп отырған қандастарыма екі ел арасын жалғастыратын алтын көпір ретінде жылы орындарымызды суытпаймыз деген ағайынның  да Қазақстанға тигізер пайдасы мол дер едім. Ал, сіздердің балаларыңыздың атамекенге келіп, білім алып, туған Қазақстанды бірге түлетуіне барлық жағдай жасалған.

Қазіргі кезде шетелдегі қазақтармен байланыс жасайтын еліміздегі ең басты ұйым – Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы. Осы орайда Қауымдастық ұйымдастарған түрлі бас қосулар, конференциялар «дөңгелек үстел» мәжілістері, өнер ұжымдарының сапарлары, әр түрлі көрмелер, әсіресе, бірнеше елде өткізілген кіші құрылтайлар арқылы шеттегі ағайындар Қазақстанның қанатты қамқорлығын талай рет сезіне алады. Мысалы, Германияның Кельн, Берлин, Швецияның Вестерос, Түркияның Стамбул қалаларында, Ресейдің Алтай Республикасындағы Қосағаш ауданында өткізілген кіші құрылтайлардың бәрінен де үнемі хабардар  болып, Елбасы ретінде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасы ретінде құттықтау жолдап отырдым. Алдағы кезде Қауымдастықтың мәртебесі, әсіресе, оның қаржыландыру тетіктері туралы да ойласатын жайлар жеткілікті. Үкіметке осы мәселені жан-жақты қарап, нақты шешім қабылдау жөнінде ұсыныс дайындауды тапсырамын. Үкімет сондай-ақ, Көші-қон комитетінің мәртебесіне қатысты да мәселелерді ойластырғаны жөн. Бұл комитеттің қызмет аясын кеңейте түсу керек. […]

Кейінгі жылдарда туған жерімізде қолға алынған тағы бір іргелі іс жайында сіздерге разылықпен айтқым келеді. Ол – мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы.Мұндай бағдарлама әлемнің ең дамыған елдерінде де сирек кездеседі.Аса ауқымды бағдарлама шеңберінде Ресей, Қытай, Моңғолия, Иран, Түркия және араб елдері мұрағаттарындағы қазақ тарихына қатысты деректер жинастырылып, алды жариялана бастады. Енді осы елдерде тұратын қандастарымыздың аса бай әдеби, фольклорлық және музыкалық мұрасы да зерттеліп, жарық көруге  тиіс.

[…] Бүкіл дүниеде біздің бір ғана отанымыз бар – ол тәуелсіз Қазақстан!

Тәуелсіз Қазақстан жасасын!

             Астананың абыройы, Ақорданың айбыны арта берсін!

             Әрқашан бірге, әрдайым алда болайық, ардақты ағайын!

 

// Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы: Қазақстан Республикасы        Президенті Мұрағатының  қорынан құжаттар жинағы (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған) = Репатриация         казахов – консолидация народа. Cборник докум. Архива Президента Республики Казахстан к 20-летию Всемирной Ассоциации казахов / Құраст. К.Н. Балтабаева. – Алматы: Атажұрт, 2012. –  352 б. қазақша, орысша. – 196-198 бб.

Leave a Reply