Kazakhs in MongoliaWorld KazakhsБасты ақпарат

Асқар Шаймарданұлы: Баян-Өлгейде кітап оқуға құштар жастардың көптігі қуантады

Әр елдің рухани қазынасы сол елдің кітапханасымен өлшенетін кездер болады. Баян-Өлгейдегі Ақтан Бабиұлы атындағы Орталық кітапхананың директоры Асқар Шаймарданұлымен сұқбат барысында осыған көз жеткізгендейміз. Атажұрттан жырақтағы азғана ағайынның рухани бұлағына бір тамшы болсын ұлттық құндылықты кітап арқылы сіңіргісі келетін қандасымыз ондағы ағайынның рухани жай-күйінен әңгіме шертті.

– Асқар Шаймарданұлы, жақында ғана Астанаға барып қайттыңыз. Біраз кітап алып қайтқан секілдісіз…

– Кітапхананың басшылығына келгеніме көп болған жоқ. Дегенмен «мен жаңадан келіп едім» деп отырмайтынымыз анық, содан бері біраз жұмысты қолға алып жатырмыз. Әсіресе ұлттық рухани салаға қатысты Қазақ елімен байланыс орнату мәселесін түбегейлі шешсек деген ой бар. Сол мақсатта Қазақ елінің тәуелсіздігінен кейін біршама саябырсып қалған ізді жандандыру барысында біраз істі қолға алдық.

Соның алғашқыларының бірі ретінде ШҚО кітапханаларымен тығыз рухани қарым-қатынас орнатып үлгердік. Әр түрлі келісім шарттарға қол қойып, екіжақты келісіммен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз.

Ал жақында ғана Астанадағы Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық орталығының директоры Ербол Ерденбекұлы Тілешов ағамызбен кездесіп, ол кісі айтқан бір ауыз базынамызды қабыл алып, қомақты мөлшерде кітап берді. Орталықтың өз тапсырысымен шыққан түрлі саладағы, түрлі деңгейдегі 1500 данадан астам кітапты Өлгейге жеткізіп алдық. Барлығы қазақ тілінде шыққан бұл кітаптар, арасында көркем әдебиеті де, оқу құралдары да, сөздіктер де бар, біздің кітапхананың кітап қорын толтырып қана қоймай, рухани байлығымызды да еселей түсері анық. Және бұл кітаптарды біз тек Орталық кітапханаға ғана сақтап қойған жоқпыз. Баян-Өлгейдің 14 ауданының кітапханаларына бөліп беріп, Өлгей қаласынан алыста тұратын қандастарымызға да жетуін қадағаладық.

Ербол Тілешов ағамыздан басқа Астанада тұратын ақын-жазушы ағаларымыз да жылы қарсы алып, қолдарында бар кітаптарын берді. Әсіресе, Ақселеу Сейдімбек ағамыздың артында қалған мол мұрасына мұрагер болып отырған Перизат Ақселеуқызы, Бекен Қайратұлы, Ержанар Әшейхан, Бейсен Ахмет, т.б. азаматтар рухани көмек қолдарын созды. Бұл жат жерде жүрмесек те, атажұрттан жырақтағы біз үшін үлкен демеу екенін айтпасқа болмайды. Сол азаматтардың барлығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

– Сіз бір сөзбен айтқанда, «жаныңызды жалдап, тісіңізді қайрап» кітап жинап жүрсіз ғой. Ал қазіргі уақытта барлығы соткамен шұқыланып отыратын болды. Баян-Өлгейдегі халықтың кітапқа деген қызығушылығы қалай?

– Әуелі, егер халықтың кітапқа деген қызығушылығы болмаса, мен сонша жерден кітап іздеп бармас едім ғой Қазақстанға. Әрине, заманауи технологияның әр жерде дамып жатқаны белгілі. Электрондық кітаптар, электрондық кітапханалар да жетеді. Дегенмен, бізде кітапты қағаздан, тікелей кітаптың өзін қолға ұстап отырып оқу үрдісі әлі үзілген жоқ. Екіншіден, бізде отырықшылықтың сыртында, өздеріңіз білетіндей, көбі мал шаруашылығымен шұғылданады. Соның арқасында алыс ауылдық жерлерде кітап оқу үрдісі ерекше.

Ал біздің бір жылдық статистикамызға көңіл аударсақ, өзім басқаратын Орталық кітапхананың оқырмандары арасында мектеп оқушыларының саны күрт көтерілгенін байқадық. Яғни, жастар кітап оқымайды деген жаңсақ түсінік екені белгілі болды. Бұл тұрғыда, кітапханаға оқырман тартуда кітапханашылардың сіңіріп жатқан еңбегі ұшан-теңіз екенін айта кету керек.

Ауылдық жерлердегі кітапханаларда кітап қоры тапшы болса да, олардың оқырманы мол. Себебі ауылда жаңа айтқанымдай мал шаруашылығымен айналысатын адамдар көп. Әрине, ол малшылардың қолында да смартфон, планшет алып жүруге мүмкіндігі бар. Бірақ өрісте байланыс жүйесі жоқ болғандықтан, бір кітабын қойынына тығып алып, қолы тиген уақытта оқып жүре береді. Сонымен қатар, тағы бір ерекшелігі, олардың кітапқа деген ілтипаты, кітапқа деген сүйіспеншілігі ерекше. Сол кісілерге қарап отырып, бізде нағыз оқырмандар бар деп сеніммен айта аламын.

– Өзіңіз білесіз, қазір әлем цифрлық жүйеге көшіп жатыр. Электрондық кітапханалар пайда болды. Баян-Өлгейдегі кітапханалар бұл жағынан қандай деңгейде?

– Біз осы электрондық кітапхана бойынша сәл кенжелеп қалдық. Дегенмен, заман дамысынан қалмайық деп талпынып, алдымызға жақын жылдар ішінде электронды кітапхана жүйесіне көшеміз деген жоспар қойып отырмыз. Қазір осы бағыт бойынша дайындық жұмыстарын жасап жатырмыз.

– Өзіңіз басқарып отырған кітапхана қоры қанша?

– Баян-Өлгейдің Орталық кітапханасы екі үлкен нәубетке ұшыраған деуге болады. Бір кездері жекешелендірудің желегінде ғимараты жекеге сатылып кетіп, ішіндегі дүниесі түгелге жуық тоналып кетті. Екінші рет, қазіргі отырған жаңа ғимаратымызға орналасқанша әр жерде бір көшіп жүріп, біраз кітаптан айырылып қалды. Сонымен, қазір жалпы кітап қоры 120 мыңнан астам. Оның біразы моңғол тілінде, ағылшын тілінде де кітаптар бар. Ал кітап қорының басым бөлігі көркем әдебиет.

– Қанша қазақ тілді кітап бар?

– Өздеріңіз білетіндей, Кеңес үкіметі тұсында Қазақстаннан қазақ тілді кітаптарды, мерзімді басылымды үзбей алып тұрдық. Кеңес үкіметі ыдыраған соң осы үрдіс тоқтап қалған еді. Бірақ, әркім өз шама-шарқынша Қазақ елінен бірлеп-екілеп кітап әкеп жүрді. Алайда ол тіске сыздық болмай қалды. Сондықтан ел еңсесін түзеп, Атажұртқа барыс-келіс реттелген уақытта Орталық кітапхана да өз мүмкіндігінше ондағы ақын-жазушылардың кітаптарын Баян-Өлгейге жеткізуді, осындағы азғана қазаққа да қазақ халқының рухани нәрін сіңіруге қызмет істеп жатыр. Қазақ елінен іргеміз алыс болса да, рухымыз бір, тіліміз бір, діліміз бір екенін сезінгіміз келеді.

– Оқырмандарыңыздың көп бөлігі мектеп оқушылары екенін айтып жатырсыз ғой. Жалпы статистика бойынша жас мөлшеріне тоқталдыңыздар ма?

– Оқырмандарымыздың жас мөлшерін үш топқа жіктеуімізге болады. Яғни, балалар – мектеп оқушылары, екінші – жастар мен орта буын, үшінші – зейнет жасындағы қарт оқырмандар. Жаңа жоғарыда айтқанымдай, кітап оқитындардың көбі мектеп жасындағы оқушылар. Бұлар біздің кітапхананың оқырман санын толтырып отыр деуге болады. Бұған мектептердегі кітапхананы насихаттау жұмысының ықпал еткені анық.

– Баянөлгейлік оқырмандар арасында ең көп сұранысқа ие кітаптарды атай аласыз ба?

– Шынын айтқанда, бір кезде бізге келіп тұрған Абайдан бастап, Шәкерімнің, Мұхтардың, Ғабиттің, Сәбиттің т.б. аға буын ақын-жазушыларымыздың Кеңес үкіметі тұсында шыққан кітаптары көнеріп, тозып кетті. Әйтпесе, бұл кітаптар әлі де сұраныстан түсе қойған жоқ. Екінші, жалпы көркем әдебиетке деген сұраныс ерекше. Осы жерде тағы бір айта кететін жағдай, балаларға арналған әдебиеттің тапшылығы бар. Әсіресе ертегілер жоқтың қасы. Ербол Тілешов ағамыз да көмек ретінде біраз ертегі кітап берді. Дегенмен, қазақ халқы үшін бала тәрбиесі алдынғы орында ғой, соны ескере отырып, балалар әдебиетін дамытуға, ертегілерді көптеп бастырып шығаруға күш салу керек деп ойлаймын. Әрине, бұның барлығы да қаржыға келіп тірелетін мәселелер ғой.

– Ертегі демекші, ол жақта ертегі айтатын әжелер бар ма?

– Әрине, бар. Баян-Өлгейде қазіргі көп жердегі қазақтар қол үзіп бара жатқан біраз үрдіс сақталды ғой. Соның бірі осы ертегі айтатын әжелер. Әрине, барлық әже ертегі айтып береді екен деген түсінік болмауы керек. Ертегінің не екенін білмейтін әжелер де бар, оны жасырмау керек. Осы ертегі айту, ертегі тыңдау, ертегі оқу үрдісін үзбеу үшін өзім қазақ ертегілерінің 5 томдығын құрастырып шықтым. Баспадан шыққан соң, ауылдық кітапханаларға, ертек сүйер қауымға сыйға таратымын деген ойым бар.

– Асқар Шаймарданұлы, өзіңіз Өлгейдегі рухани ордалардың бірін басқарып отырсыз. Кітап оқу, кітапханаға келуден басқа өлгиліктердің рухани болмысы, ұлттық құндылықтарға деген көзқарасы қалай? Өзіңіз қандай баға берер едіңіз?

– Баян-Өлгей халқы негізінен нарыққа бейімделген. Бір кезде күнкөрістің қамыман қара нанын тауып жеу үшін ала дорба арқалап, сауда деп жүгіргеніміз рас. Соның салдарынан руханиятымыз мешеулеу болып қалғаны да жасырын емес. Бірақ, бір дәтке қуат етеріміз, Моңғол елі біздің қайда барып оқып, қайда барып қызмет істеп, қайдан нан тауып жеуімізге ешқандай кедергі жасаған жоқ. Соның арқасында Баян-Өлгей жастары Моңғолияның кез келген азаматымен тең құқылы, әлемнің кез келген елінен, өзі қалаған жерінде білім алып жатыр. Жасыратыны жоқ, сол жастардың көбі атажұрт – Қазақстанға бет алады. Бұған бір кезде Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Баян-Өлгейде ашылған бөлімшесінің де әсері болмай қалған жоқ. Осы байланыс арқылы Қазақстандағы ағайындар мен Өлгейдегі қазақтар арасында жақсы қарым-қатынас орнады. Атажұрттан Өлгейге келіп қызмет істеген ұстаздар мен сол бөлімше арқылы Қазақстанға барып, сонда орналасып, азаматтығын алып жатқан жастар көп.

– Жаңа бір сөзіңізде, ағылшын тіліндегі әдебиеттер де бар дедіңіз, олар қайдан келеді? Әлде қазақ жазушыларының ағылшын тіліне аударылған кітаптары ма?

– Жоқ, қазақ ақын-жазушыларының ағылшын тілінде аударылған әдебиеттері болса бізге де жақсы болар еді. Бұл кітаптар швецариялық бір қайырымдылық қоры аударған әлем әдебиеті үлгілері. Біздің оқырмандар да әлем әдебиеті өкілдерімен таныссын, сол кітаптарды түпнұсқа тілде оқысын деген ойда, осылай істеп отырмыз. Әрине, әзірге ағылшынша оқи қоятын оқырмандар саны аздау. Дегенмен, біз үшін аз оқырман емес ол. Ал моңғол тіліндегі әдебиеттер дер кезінде жетіп отырады. Ол да болса біздің сол елге, сол ұлтқа деген құрметіміз, сыйластығымыз, алғысымыз болатыны сөзсіз.

Ал Баян-Өлгей аймағындағы халықтың басым көпшілігі қазақ ұлты болғандықтан біз үшін қазақы болмысты, қазақы руханиятты, қазақы салт-дәстүрді сақтап қалу, соны дәріптеу, соны үйрену маңызды. Сондықтан да біз үшін атажұртымыз – Қазақ елінің орны бөлек. Қандай құндылық, қандай рухани нәр болмасын біз Қазақ елінен алуға асығамыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Baq.kz 

Leave a Reply