History of Kazakhstan

«Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»

Қазақстан Республикасы Президентінің билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі Үндеуі қазақстандықтар асыға күткен оқиға деуге болады. «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген ұстанымы арқылы 25 жылдың ішінде Қазақстанды әлемнің бәсекеге қабілетті озық 50 елінің қатарына қосқан Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси реформаларды жеделдету жөніндегі ой-тұжырымдарының жариялануын бүгінде тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің жетекшілері мен әлемнің көрнекті саясаткерлері қызу талқылай бастады. Бұл өзгерісті демократиялық, зайырлы қоғам құруды мақсат еткен және оған қол жеткізуге қадам басып келе жатқан әлемнің дамушы елдері үшін  үлгі-өнеге ретінде ұсынушылар жеткілікті.

      Елбасының «Құрметті қазақстандықтар! Сіздердің назарларыңызға еліміз үшін аса маңызды, тағдырлы мәселені ұсынбақпын» деп басталатын бұл Үндеуін шетелдегі 5 миллионға жуық қазақ диаспорасының өкілдері де жылы қабылдап, оны қызу қолдайтындарын жеткізуде. Сондықтан олармен мәдеи-рухани қарым-қатынасты жүргізіп келе жатқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы олардың ой-пікірін жұртшылық назарына жеткізуді өз парызы санап отыр.

    Конституция мен заңдарға енгізілетін өзгерістердің екі бағыты да қоғам үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Бұл әсіресе, жаһандық экономикадағы соңғы өзгерістерден кейін шикізатқа тәуелділіктен арылудың маңызы айқын дәлелденген сәтте  дер кезінде қабылданған оң шешім деуге болады.  Н.Назарбаевтың «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман» деген сөзі дәл бүгінгі таңда барша қазақстандықтар үшін өзінің өзектілігін сезіндіруде. Жалаң ұранға емес, ғылым мен техниканың озық жетістіктеріне сүйеніп ғана, қоғамды алға жетелеуге болатынына бүгінде барша жұрттың көзі жетіп отыр. Сондықтан өзгерісті өзінен бастап, билігін мемлекеттің заң шығарушы және атқарушы басты органымен бөлісіп, оны жұртшылық талқысына салып отырған Елбасының бұл тарихи шешімін біз қуана құптаймыз.

     Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев 

Leave a Reply